Алматыда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтеді

Бұл туралы ҚР Дін істері агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шараны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы орталығы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғары Комиссарының Орталық Азиядағы басқармасы мен Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі бірлесіп ұйымдастырмақ.
Дөңгелек үстел жұмысына діни және қоғамдық ұйымдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері мен Демократиялық институттар және адам құқықтары жөнiндегі бюросының (ДИАҚБ/ЕҚЫҰ) халықаралық сарапшыларының қатысуы күтілуде.
Іс-шараның мақсаты - Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын іске асыру мәселелерін қарастырып талқылау, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы діни бостандық жөніндегі сұхбатты жетілдіру болмақ.