Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына орай мемориалдық пәтер мұражайы ашылды

АЛМАТЫ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда  қала әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жасқа толуына орай  мемориалдық пәтер мұражайы ашылды.

Алматыда  Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына орай мемориалдық пәтер мұражайы ашылды

"Бүгін мұражай ісі тарихында ерекше күн. Өйткені ұлы тұлға ұзақ жылдар тұрған үйі Елбасының тікелей тапсырмасымен мемориалдық пәтер мұражайы ретінде ашылып отыр. Мұнда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев отбасымен 1967 жылдан 1993 жылға дейін тұрды. Ол кісінің құрметіне ашылған бірінші мұражай ұлы тұлғаның туғаннан тұлға ретінде қалыптасуына дейінгі өмір жолын баяндаса, бұл мұражайдың ерекшелігі -  мұнда келушілер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тұрған пәтерін, пәтер ішіндегі заттарын, қолымен ұстаған дүниелерін,  бұған дейін көпшілік көрмеген 700-ге жуық оттық, қару-жарақ, коллекцияларын, 5000-нан  асатын кітапханасын, әр мемлекет басшылары мен достары сыйлаған сыйлықтарын және тағы да басқа көптеген құнды жәдігерлерді көре алады.   Мұражайды жасауда еш қиындық болған жоқ, мұнда бәрін өмір сүрген кезінде заттары қалай тұрды, солай қалдырдық.  Пәтердің ішін ол кісінің жаңа ғана бөлмеден шыққан сияқты әсер қалдыратындай етіп жасадық",-деді Дінмұхамед Қонаев атындағы пәтер мұражайдың  директоры Жәния Серікбаева. 

 2002 жылы Д.А.Қонаевтың 90 жасқа толуына орай ашылған Д.А.Қонаев атындағы мұражай-үйінің директоры Болысбек Батталхановтың айтуынша, бұл пәтер мұражай ТМД елдерінде арасында  ұзақ жыл елді басқарған ел басшысына ашылған алғашқы пәтер мұражай. "Бұл мұражайдың ерекшелігі де осында",-деп атап өтті ол. 

 Пәтер мұражай демалыс күнінен басқа барлық күндері жұмыс істейтін болады.