Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың мұражай-үйі ашылды

Мамандар көрнекті мемлекет қайраткерінің 110 жылдығын мерекелеу аясында мұражайда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
Ашылу салтанатына Д.А.Қонаевтың Халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Эльдар Қонаев, Д.А. Қонаевтың жиені Диар Қонаев, оның жеке дәрігері Ахат Мулюков, досы әрі серіктесі Александр Гойколов қатысты.
Реставрация және экспозиция процесіне мұражай және мұрағат ісі саласындағы жетекші мамандар, дизайнерлер, мүсіншілер, суретшілер, бейнеинженерлер және т.б. тартылды. Жұмыс барысында Д.А. Қонаевтың Халықаралық қорымен келісілген тұжырымдама мен жобаның эскизі әзірленді.
Реэкспозиция тақырыбының негізіне саясаткердің ел өміріндегі маңызды тарихи оқиғаларға деген жеке көзқарасын суреттейтін Д.Қонаевтың «Сталиннен Горбачевке дейін» автобиографиялық кітабы арқау болды.
Хронологиялық тәртіпте орналастырылған мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен экспонаттар Дінмұхаммед Қонаевтың көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер ретіндегі алып тұлғасын көрсетеді. Жұмыс барысында барлық экспонаттар, соның ішінде Дінмұхамед Қонаевтың жеке заттары бұрынғы қалпында сақталды.
Қалпына келтіру жұмыстары барысында мұражай заманауи сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталды, келушілер енді аудио нұсқаулықтарды қолдана алады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайлы болу үшін екінші қабатқа лифт орнатылды.
Еске салсақ, мұражай 2002 жылы Д.Қонаевтың 90 жылдығына орай ашылған болатын. Экспозициялар 10 жыл бұрын соңғы рет жаңарып, 2011 жылы жасалған еді. Мұражайдың жалпы сақтау қорында 8 196 экспонат бар.
Сондай-ақ, Алматыда қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйі күрделі жөндеуден өтті. Реэкспозиция жазушының 120 жылдығы қарсаңында іске асты. Күрделі жөндеуден, модернизациядан және реэкспозициядан кейін Ғабит Мүсірепов мұражайы еліміздегі алғашқы заманауи мультимедиялық әдеби орталыққа айналады. Реконструкция және реэкспозиция бойынша жүргізілген кешенді жұмыс жыл сайын мұражайға келушілер санын екі есеге – 22 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Мұражайды жаңарту жұмыстарына музей және архив ісі саласындағы жетекші мамандар, дизайнерлер, суретшілер, бейнеинженерлер және т.б. тартылды.
Жөндеу барысында мұражай заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде ақпараттық стендтермен, мультимедиялық жүйемен, контентті сенсорлық басқаруы бар проекциямен, мультимедиялық тач-панельдермен және т.б. жабдықталды. Бұларда құнды әдеби деректер, мұрағаттық материалдар, оның ішінде «Бесеудің хаты», қолжазбалар, фотосуреттер және т. б. көрсетіледі.
Реэкспозиция нәтижесінде әдеби зал қайта жасақталды. Стендтерде жазушының отбасы, балалық шағы, білімі, әдеби жолдың басталуы және т. б. туралы мәліметтер келтірілген өмірі мен шығармашылық жолы ұсынылған. Мұражайда сондай-ақ Ғабит Мүсірепов жазған, оның ішінде «Амангелді», «Қыз Жібек», «Бір рет және өмір бойы», «Қауын» фильмдерін көрсету үшін арнайы кинозал ашылды.
Еске салсақ, Ғабит Мүсіреповтің соңғы 18 жыл тұрған пәтері 1991 жылы ҚР Орталық мемлекеттік музейінің бір бөлігі ретінде мұражайға айналған. 1999 жылдан бастап нысан С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені болып қайта құрылды. 2015 жылдан бастап мұражай «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамында.
Ғ.Мүсірепов мұржай-үйінің алаңы 114,6 шаршы метрді құрайды. 2 мемориалдық бөлме, 1 әдеби зал бар. Мемориалдық бөлмедегі заттар (жазу үстелі, кітапхана, жеке тұтыну заттары, сыйлық заттары және т.б.) бұрынғы күйінде сақталған.