Алматыда домофондар арқылы ескерту жүйесі тексерілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда домофондар арқылы ескерту жүйесінің жұмысы тексерілді. Бүгін сағат 12:00-де қала бойынша төтенше жағдай туралы хабарландыру дабылы қосылды.

Алматыда домофондар арқылы ескерту жүйесі тексерілді

Ілкі жоба бойынша 5 подъезде жаңа жүйе орнатылған болатын. Тұрғындар инновациялық жобаны оң бағалады.

«Спикфон» жүйесіне 20 бағдарлама орнатылған. Жүйе өрт, жер сілкінісі, өзге де төтенше жағдайда іске қосылады.

Жаңа жүйе бірыңғай орталықтан басқарылады. «Спикфон» арқылы қалалық деңгейдегі немесе бір ғана үйдің тұрғындарын хабарландыруға болады.

Алматы әкімдігі аталған инновациялық жүйені қаладағы барлық тұрғын үйлердің подьездеріне орнатуға маусымнан бастап кіріспек. Бұл үшін тұрғындардан ешқандай ақша талап етілмейді.

Айта кету керек, домофон арқылы хабарландырудың жаңа әдісі туралы былтыр айтылған еді.

Тұрғындар 70- жылдары жасалған хабарландыру жүйесінің мүлде естілмейтіндігіне шағымданып келген болатын. Көп үйлерде шуды естіртпейтін пластик терезелер орнатылған.