Алматыда «Достық дастарханы» фестивалі өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Достық үйінде «Достық дастарханы» фестивалі өтті. Барлық халықтың өкілдері қонақтарды ұлттық тағамдарымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фестивальде тағамдардың дегустация көрмесі өтті. Әр тағамның қалай жасалатыны айтылды. Әр этномәдени бірлестіктің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама дайындаған.
«Біз бүгін 9 түрлі тамақ дайындадық. Себебі, 9 саны Қытайда ұзақ өмір, өркендеуді білдіреді. Біздің үстелде амандық пен сәттілікті білдіретін балық бар. Балық бізде барлық жиындарда қойылады, өйткені жақсы нәрсенің бастамасы дегенді түсіндіреді. Тұшпара-отбасының бірлігін білдіретін ас. Негізінде біздің тағамның дәмі ащы болып саналады», - деді Қытай мәдени орталығының жастар қанатының басшысы Ирина Чин.
Мафтуна Туламова - Өзбек мәдени орталығы этномәдени бірлестігінің жастарының бірі. Оның айтуынша, Алматыда 2 мың өзбек ұлтының жасы тұрады.
«Ұлттық тағамның фестиваліне қатысқанымызға қуаныштымыз. Біздің үстелде ұлттық асымыз - палау қойылды. Оның қасында астың дәмдеуіші қышқыл ачучук салаты тұр. Одан бөлек, үстелде самса бар, ол да біздің ұлттық тағамымыз саналады», - деді Өзбек ұлттық мәдени орталығының өкілі Мафтуна Туламова.
Сонымен қатар, фестивальге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы орынбасары Жансейіт Түймебаев келді.

