Алматыда дүкен тонау қылмысының ізі суымай ашылды
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Түнде Алматыда азық-түлік дүкенін тонау орын алып, тонаушылар қылмыс ізі суымай қолға түсті, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.
«Түнгі 11 шамасында Жандосов көшесінің бойында орналасқан дүкенге қара бетперде киген үш адам кіріп, дүкеншіні пышақ арқылы қорқытқан. Қорыққан дүкенші оларға сол күнгі табысы - 155 мың теңгені ұстатқан. Қылмыскерлердің артын ала ол полицияға қоңырау шалған»,- дейді Алматы қалалық ІІД-нің патрульдік полиция полкінің командирі Серік Кененбаев.
"Шолғыншылық қызметінің жедел әрекеті нәтижесінде екі күдікті қолға түскен. Тағы біреуіне іздеу жарияланған. Күдіктілер ұсталу кезінде пышақпен қаруланғанына қарамастан, қарсылық көрсетпеген. Қазіргі кезде олар қылмыстарын мойындап, қылмысқа мұқият дайындалғандарын айтып отыр»,- дейді ол. Тонаушылар Алматы облысының тұрғындары болып шыққан. 21-22 жастағы екеудің біреуі Виктор қыз зорлау, қарақшылық шабуыл жасау қылмысымен істі болған.