Алматыда дүнген суретшісі М. Паншаевтың жеке көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Кеше, наурыздың 17-сі күні Алматыда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында дүнген суретшісі, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Әлем халықтарының өнері» халықаралық бейнелеу өнері қауымдастығының (Ресей) академигі және профессоры Мұхамет-Омар Паншаевтың жеке көрмесі ашылды,

Алматыда дүнген суретшісі М. Паншаевтың жеке көрмесі ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Шығыс ырғағы» деп аталатын көрмеге суретшінің 50 шақты жұмысы қойылып отыр. Олардың барлығы Шығыс елдерінде болған сапарлары кездерінде өмірге келген дүниелер. «Мен осы туындылар арқылы ежелгі өркениеттің кіндігі болған араб елдеріне, Иранға, Қытайға деген ыстық ықыласымды жеткізгім келді. Аталған мемлекеттерде болған кездерде, сондағы көріністер мен құбылыстар маған ерекше шабыт береді. Менің шығармашылығымның басты тақырыбы да Шығысқа арналғаны сондықтан», - дейді суретші. М. Паншаевтың жұмыстары бірқатар ірі көрмелерде сақтаулы тұр. Атап айтқанда, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайына, Мәскеудегі Третьяков галереясына, Г, Әйтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері мұражайына, Синьцян бейнелеу өнері мұражайына (Қытай), Иран өнер мұражайына оның ең үздік туындылары қойылған.