Алматыда Дүниежүзілік босқындар күніне арналған фотокөрме ашылды

АЛМАТЫ. Маусымның 22-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан - Бүгін Алматыда Дүниежүзілік босқындар күні мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Басқармасының 60 жылдық мерейтойына және Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету құрметіне арналған "Мені баспанасыз қалдырса да, болашағыма ешкім қол сұға алмайды" деген тақырыпта фотокөрме ашылды.
None
None

Көрмеге әлемде әр түрлі себептермен, босқын атанып, өз елін тастап кетуге мәжбүр болған жандар туралы түсірілген 100-ден аса жұмыстар қойылған. Фотосуреттердің көпшілігі БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Басқармасының 60 жылдық қызметі барысында жиналған суреттер. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты - біздің қоғамымызда босқындардың бар екендігін көрсету, оларға осындай шаралар арқылы назар аударту, көңіл бөлу.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімдігінің, дипломатиялық және консулдық корпус, бизнес бірлестік, сонымен қатар, халықаралық компания өкілдері БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Басқармасының босқындар құқыған қорғауға ат салып жатқан істерін атап өтіп, мерейтойларымен құттықтады.

"Елімізде босқын мәртебесін алғандарға қолдау да, көмек те көрсетіліп, барлық жағдайлар жасалынуда. Сонымен қатар, құқықтары да қорғалуда. Бүгінгі күні арамызда 10-15 жылдан астам уақыт тұрып жатқан босқындар бар. Олар Қазақстан Республикасының әр азаматы сияқты заңдық негізде тең құқылы өмір сүруде және барлық құқын қолдана алуда. Тегін медициналық көмек пен білім алуда. Елінің жағдайы жақсарған күнде, туған жеріне қайтадан қайтамыз деушілерге шектеу қойылмайды. Ол әр адамның құқығы", деді Көші-қон комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Гүлсара Алтынбекова. Оның айтуынша, Қазақстанда босқын мәртебесін алған 600 босқынның 90 пайызы Алматыда тұрады. "Оның көпшілігі Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келгендер. Соңғы уақытта қырғыз елінен келіп жатқан адамдар көп, олардың арасында өзбектер де, ұйғыр, түріктер де бар. Қазіргі уақытта ол елден келген 10 отбасы тіркелді", деді ол.

Сонымен қатар, Гүлсара Алтынбекова 2010 жылы қаңтар айының 1-нен күшіне енген босқындар туралы жаңа заң бойынша босқындарға халықаралық нормаларға сай жасалынған жаңа жол жүру құжаттары берілетіндігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар