Алматыда Дүниежүзілік Контрацепция күніне арналған конференция өтті

АЛМАТЫ. Қазанның 20-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Халықаралық Бизнес университетінде (UIB) "Түсіктің қауіпті екенін ескерту және репродуктивті жастағы қыздардың денсаулығын қорғау" деген тақырыпта студенттік конференция болып өтті.

Алматыда Дүниежүзілік Контрацепция күніне арналған конференция өтті

Аталмыш шара Жаһандық халықаралық "Дүниежүзілік Контрацепция күні" аясында және бала болдырмайтын дәрілердің ойлап табылғандығының 50 жылдығына орай өткізілді.

Конференция барысында жастар түсіктің соңы неге әкелетіндігі жайында түсірілген фильмді көріп, медицина сарапшыларының отбасын жоспарлау, бала туу қабілетін сақтау, контрацепция туралы кәсіби кеңестерін тыңдады. Сонымен қатар, студент жастар аталмыш мәселе бойынша өз баяндамаларын оқып, мамандармен пікір алмасты.

"Қазақстан 2007 жылдан бері халықаралық ақпараттық-ағарту науқанына тартылды. Ондағы мақсат - тұрғындарға отбасын құруды жоспарлау, түсіктің алдын алу тәсілі ретінде контрацепциялық дәрілерді насихаттау, әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау сынды мәселелер бойынша ақпараттандыру болып табылады. Бұл шараларды бүгінде халықаралық үкіметтік емес ұйымдары (MSI, ESC, CELSAM, APCOC) іске асыруда. Біздің елімізде бұл бастамаға әлемдік көшбасшысы болып табылатын гормоналды дәрілерді шығарушы «Байер Шеринг Фарма» компаниясы қолдау білдіріп келеді. Біз де өз тарапымыздан жастар арасында бұл мәселені көтере отырып, ол жайында бүгінгі жастар толық ақпараттандырылуы тиіс деп санаймыз. Әр бір жас саналы түрде ата-ана болуының қаншалықты маңызды екенін білуі қажет", - деді жобаның жетекшісі Денис Лазарев.

ДДҰ-ның мәліметтері бойынша, бүкіл әлемде 80 миллион әйел жоспарланбаған жүктілік проблемасына ұшыраса, 20 миллион әйел түсік жасатады, оның нәтижесінде 68 000 әйел көз жұмады. Бұл мәселеге дамыған елдер де, дамушы елдер де ұшырасуда.

Дүниежүзілік контрацепция күні - 2007 жылы қыркүйектің 26-да репродуктивті денсаулық сауалымен шұғылданатын көптеген ұйымдардың бастамасымен алғашқы рет белгіленді. Оның мақсаты - әлем бойынша әйелдердің денсаулығын сақтауда контрацепцияны насихаттау, жастарға таныстырып, ақпарат беру, контрацепция мен отбасын жоспарлау тәсілдерін таңдауға кеңес беру.