Алматыда Дүниежүзілік жүрек күніне орай «Өз қан қысымыңды біл» атты шара ұйымдастырылады

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Биыл Қазақстанда қыркүйектің 21 -і мен 30-ы аралығында Дүниежүзілік жүрек күніне орай артериялық гипертонияның алдын алу мақсатында  «Өз қан қысымыңды біл» атты  онкүндік өтеді, 

Алматыда Дүниежүзілік жүрек күніне орай  «Өз қан қысымыңды біл» атты шара ұйымдастырылады

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараға байланысты Алматыда ұйымдастырылған мәслихатта жүрек-қан тамырлары аурулары, артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, миокард инфаркті, инсульт сияқты дерттердің жастардың өмірін қиып жатқандығы сөз болды. Өлім санын қалай төмендетуге болады деген өзекті мәселе көтерілді. Отырыста онкүндік күндері әрбір тұрғын өзінің артериялық қан қысымын тегін өлшеп кеңес ала алатындығы айтылды.

ДДҰ және Дүниежүзілік жүрек федерациясы 2009 жылғы қыркүйектің 27-сін «Сау жүрекпен жұмыс істеу» ұранымен Дүниежүзілік жүрек күні деп жариялап, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуды жұмыс орнында өткізуге шақырады.         

Өйткені, жүрек-қан тамырлары дерттері 10 есеге өсіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 2008 жылы 17,5 миллион адамның бақилық болуына соқтырды.

ҚР Кардиологтар қауымдастығының вице-президенті Тұрсынжан Амановтың айтуынша, «Қазақстанда тұрғындардың өліміне әкеліп  отырған жүрек-қан тамырлары сырқаты өкінішке орай, бірінші орында. Пайыздық үлеспен алғанда - 50,3. Көбінесі  еңбекке жарамды жастағы ер азаматтардың өмірі қиылып жатыр. Қан айналымы жүйесінің аурулары арасында таралу -  58,6 пайызды құрап отыр», деп атап өтті ол.

«Жүрек-қан тамырлары ауруларының өсуіне темекі шегу, ішімдікті салына ішу, дененің артық салмағы, аз қимылды өмір салты едеуір ықпал етуде. Сонымен қатар, тұрғындар өз қан қысымын өлшеуде төмен белсенділік танытатындығы өкінішті, бұл аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз 18 жастан асқан әрбір адамды өз қан қысымын білуге шақырамыз. Әр адамның норма көрсеткіші 140/90 мм сынап бағанасынан аспау керек екенін білуі тиіс», дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері ұлттық орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаева.