Алматыда Джаз фестивалі өтеді

АЛМАТЫ. 11 сәуір. ҚазАқпарат -  Алматыда сәуірдің 12-15 күндері аралығында Оқушылар сарайында Алматыдағы мәдениет жылы аясында «Джаздың Халықаралық Күні, Алматы, Қазақстан, 2012» атты ХІ-ші джаз фестивалі өтеді.
None
None

Биылғы жылы  фестивальде Almaty Jazz  Band, «Magic of Nomads»,  Brass & Drums секілді қазақстандық топтарымен қатар,  Швейцария (Ost West Inspiration), Германия (трио Pablo Held), Австрия (Michaela Rabitsch & Robert Pawlik), Венгрия (Кristof Bacso квартеті), Қырғызстан (Salt Peanuts), Норвегия (Jan Gunnar Hoff), Франция (Jean Jacques Milteau квинтеті), АҚШ (Cindy Scott/Brian Seeger дуэті), Грузия (трио - Дини Вирсаладзе) және Түркия (Ондер Фоджан және Мелтем Эге тобы) елдерінің танымал топтары өнер көрсететін болады. Аталмыш елдер ішінде Норвегия және Грузиядан келген музыканттар алғашқы рет елімізде өз өнерлерін көрсетпек. Шараның ұйымдастырушылары - Джаз мектебінің директоры Тагир Зарипов пен Қазақстандағы джаз фестивальдерінің негізін салушы және жоба менеджері Қарлығаш Мақатова.

Фестиваль барысында шақырылған музыканттар шеберлік сыныптар өткізбек. "Ол біздің джаз мектебі үшін баға жетпес қолдау болары сөзсіз", - дейді еліміздегі жалғыз Джаз мектебінің директоры Тагир Зарипов.

Фестивальдің бүкіл тарихында Алматыға 200-ден астам атақты джаз музыканттары келді. Олардың ішінде Вильям Сепед тобы (АҚШ), Вилем  Брокер оркестрі (Голландия), Гари Кросби және Аврам Вильямс (Ұлыбритания), Жан Рэнно (Франция), Shamarr Allen & Underdawgs (АҚШ), Дэвид Хельбок (Австрия), Дас Капитал (Германия), Дидье және Франсуа Локвуд (Франция), Djabe тобы (Венгрия), Лукас Нигли (Швейцария), Ондер Фоджан және Сибель Косэ (Түркия) және тағы басқа джаздың көрнекті өкілдері бар. Жоба менеджері Қарлығаш Мақатованың айтуынша, фестиваль шетелден келген қатысушыларға біздің музыканттардың дайындық деңгейін бағалауға, сондай-ақ, Алматы қаласын Орталық Азияның мәдени орталығы ретінде насихаттауға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, аталмыш шара жылдан жылға қатысушылар, демеушілер мен көрермендер тарапынан қолдауға ие болып келеді.

Джаз мектебі 2000 жылдан бастап жұмыс жасап келеді және Орталық Азия аймағындағы жастарға арналған жалғыз джаз мектебі болып табылады. Мектепке 6-дан бастап 18 жасқа дейінгі балалар қатысады. Мектепке, сондай-ақ, үлкендер де келеді. Мектептің миссиясы - джазды насихаттау, өскелең ұрпаққа джазды үйрету, өнерге сүйіспеншілікті сіңіру және тәрбиелеу болып табылады.

Фестивальге Алматы қаласының әкімдігі, Швейцария, Германия, Австрия, Венгрия, Норвегия, Франция,  Грузия, АҚШ, Түркияның дипломатиялық миссиялары, Гете Институты,  Француз альянсы, Норвегияның мәдениет қоры, Германияның сыртқы істер министрлігі, Норвегияның сыртқы істер министрлігі, Грузияның Мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп отыр. Негізгі қолдауды Қазақстанда аккредитациядан өткен шетелдік дипломатиялық миссиялар көрсеткен.

Шараның ұйымдастырушылары барлық қазақстандықтарды және оңтүстік астана қонақтарын  Алматы қаласының мәдени өміріндегі маңызды оқиғаның куәсі болуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар