Алматыда джип жол шетіндегі үш бала мен әйелді қоршауға соқты
Жантүршігерлік жол апаты Өжет шағын ауданында болды. Бұрылыстан шыққан Тойота оң жағынан келген БМВ-ға жол бермей, көліктер соқтығысқан. Қатты соққыдан Джип айналып, артқы жағымен жол шетінде тұрған 3 бала мен әйелді бетонды қоршауға қағып түсірді.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, жол апатынан 4 адам жапа шеккен. 6 жастағы баланың қарақұс сүйегінің сол жақ бөлігі сынып кеткен. Ішкі ағзалары соққы алған. Бала ауруханаға 1-2 дәрежедегі травматикалық шокпен түсті. Қазір ол ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.
3 және 8 жастағы басқа балалардың бас сүйектері жараланған.
Олар Балаларға арналған жедел көмек көрсету орталығының нейрохирургия бөліміне жатқызылды.
Жол апаты орнынан Шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына жеткізілген ересек әйел де, миы шайқалып, басынан жарақат алған. Қазір ол нейрохирургия бөлімінде жатыр.
Жол апатының мән-жайын полиция анықтауда.