Алматыда егде әйелдердің құлағындағы сырғасын жұлып қашатын ер адам ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әжелердің құлағынан сырғасын жұлып алған ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда егде әйелдердің құлағындағы сырғасын жұлып қашатын ер адам ұсталды

Алматы қалалық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, 37 жастағы ер адам егде жастағы әйелдердің ізіне түсіп, оңтайлы сәтті күтіп, құлағындағы сырғасын жұлып қашып отырған.

Кей жағдайда оның іс-әрекетін бейнебақылау камералары түсіріп алған.

«Күдікті өзіне қарсы тұра алмайтын, 60 жастан асқан әйелдерді ғана тонаған. Ол қамауға алынды. Бұл – 37 жастағы Б. есімді азамат. Еш жерде жұмыс істемейтін, бұрын сотты болған адам әжелердің сырғаларын ломбардқа тапсырып, одан түскен ақшаны өз қажетіне жұмсағанын айтты. Аталған дерек бойынша көпэпизодты қылмыстық іс қозғалып жатыр», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Белгілі болғандай, Түркістан облысының тумасы Алматыға жұмыс істеуге келген.

Қалада жалдамалы пәтерде тұрған.

Ол бұрын да осыған ұқсас қылмысы үшін сотты болған.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал тергеушілер оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.