Алматыда екі астыртын ойынхана әшкереленді
АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда Қаржы полициясы арнайы жасақ жауынгерлерінің қолдауымен екі астыртын ойынхана жұмысына тосқауыл қойды,
деп хабарлайды 24.kz.
Ойынханалар қаланың Бостандық ауданында орналасқан. Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бірінші ойын залында покерге арналған 2 үстел, фишкалар мен карталар анықталған. Көлеңкелі бизнес айналымынан 70 мың теңгеден аса қаражат тәркіленді.
Екінші казинодан 10 покер үстелі мен 120 мың теңге табылды. Қылмыскерлерді ұстау кезінде залда 40-қа жуық ойыншы отырған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Тексеріс барысында олар кім ойыншы немесе кім осы заңсыз ойын залының қызметкері ретінде өздерінің түсініктемелерін қалдырды. Қазіргі таңда нақты осы ойын залдарын ұйымдастырушы анықталғаннан кейін, соған қатысты қылмыстық іс қозғалатын болады»,- дейді Алматы қаласы бойынша ЭҚЖСЖҚК департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жақсылық Жақұбаев.