Алматыда екі емхана салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бостандық ауданында Қазан айында 300 орындық «Балалар жедел жәрдем орталығының» операциялық блогымен бірге қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда екі емхана салынады

Бұл туралы қала тұрғындарымен кездесуде мегаполис басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Айтуынша, медициналық мекемелерге жүктемені азайту мақсатында әкімдік 6 денсаулық сақтау нысанын салып, кейбірін қайта жаңартпақ.

«Әл-Фараби даңғылы мен Сырғабеков көшесі, Ю. Гагарин даңғылы мен Левитан көшесінің қиылысында әрқайсысы 500 орындық 2 жаңа емхананың және Жандосов көшесі 6 мекенжайында Орталық қалалық клиникалық ауруханасының 500 орындық жаңа корпусы жобалануда. Бұл нысандардың құрылысы 2024 жылы басталады», - деді әкім.

Сондай-ақ перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының ғимаратына, №4 және №12 емхана күрделі жөндеуден өтеді. Жөндеу жұмыстары қараша айында, ал Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы келесі жылдың наурыз айында басталады.

Айта кетейік, маусым айында «Керуен Medicus» медициналық орталығында 40 орындық жаңа перзентхана корпусы және ауысымына 300 келушіге арналған емхана ашылды.