Алматыда екі көшенің жаңадан төселген асфальттік төсеніші сапасыз деп танылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жылу желілерін жөндеу үшін қазылған екі көшенің жаңа асфальттік төсеніші сапасыз деп танылды. Сол себепті бұл көшелерді қалпына келтіру жұмыстары қайта жүргізілетін болады.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматы әкімінің орынбасары Болат Сауранбаев бастаған арнайы жұмыс комиссиясының қаладағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына жасаған рейді барысында жария етілді.

Қаланың орталығында Желтоқсан көшесі мен Абылай хан даңғылы арасындағы Жамбыл көшесінің бойы қазылып, ондағы жылу магистралына жөндеу жүргізілген болатын. Алайда, мердігерлік ұйым - «Алым» ЖШС таңдаған қосалқы, яғни кіші мердігерлік ұйым жолдағы орларды қайта көму және асфальттау жұмыстарын өте сапасыз жасаған. Бұл үшін «Алым» компаниясына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің тиісті баптары бойынша 225 АЕК (445 950 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Жұмыс комиссиясының шешімі бойынша асфальт қайта алынып, оның астыңғы қабаты қайта нығыздалып, ретке келтіріледі. Асфальт қайта төселеді. Бұған дейін көшеде көлік қозғалысы тоқтатылады. Сонымен қатар, Қарасай батыр көшесінің Мирзоян көшесі мен Гайдар көшесі аралығындағы бөлігі де қайта жөнделетін болды. Комиссияның шешімі бойынша күні бүгінге дейін төселген асфальттың сапасыз жасалған жерлері қайта жөндеуден өткізіледі. Осыған байланысты бұл көшеде де көлік қозғалысына шектеу қойылады. Оның үстіне осы жолды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысқан және жұмысты дер кезінде тапсырмаған мердігерлік компания - «АГС-ПЛАСТ» ЖШС 200 АЕК (396 400 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары, қаладағы тіршілікті қамтамасыз ету желілерінің жылу маусымына дайындығын тексеру бойынша жұмыс комиссиясының төрағасы Болат Сауранбаев мердігерлік ұйымдарға жұмысты мейлінше тез бітіруді тапсырды.

«Біз сіздерді қыс түскенше күте алмаймыз. Зауыт істеп тұрған шақта көшелердің барлығын асфальттап алуымыз қажет. Қалада жылу маусымы басталғаннан кейін бірде де бір көшеде көлік қозғалысы шектелмейтін болсын. Асфальт төселмеген көше қалмауы тиіс», - деді Б. Сауранбаев.

Соңғы жаңалықтар