Алматыда екі миллионнан астам адам тұрып жатыр - мәслихат депутаты А. Моргунов

АЛМАТЫ. Cәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматы қаласында қазіргі таңда бір миллионнан астам адам тіркелусіз өмір сүріп жатыр. Бұл жайында бүгін «Алматы қаласында азаматтарды тіркеу ережесі» тақырыбында өткен баспасөз жиынында Алматы қалалық мәслихатының депутаты Андрей Моргунов жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда екі миллионнан астам адам тұрып жатыр - мәслихат депутаты А. Моргунов

Депутаттың айтуынша, статистика мәліметтері шаһарда 1 жарым миллион тұрғын ресми тіркеліп, бұдан өзге тағы миллионнан асатын азаматтың есепке тұрмай-ақ өмір сүріп жатқанын көрсетіп отыр. «Осыған орай оңтүстік астананың қылмыстық ахуалының деңгейі артып келеді. Қазіргі кезде Алматының энергиялық мүмкіндіктері де шектеулі, әлеуметтік мәселелерге байланысты көптеген мәселелер бар», - дейді депутат.

Естеріңізге сала кетелік, үстіміздегі жылдың 12-де Алматы мәслихатының депутаттары қала территориясында көші-кон үрдістерін реттейтін ережені мақұлдаған болатын. Соған сәйкес Алматы қаласында жан басына шаққанда 15 шаршы метрден кем орынға азаматтарды тіркеуге рұқсат етілмейді. Қазірде аталмыш ереже әділет басқармасына жіберілді. Енді Алматыға қайтадан келген азаматтар пәтері немесе жеке үйі болған жағдайда ғана тіркеле алады.

Алайда бұл норма жақын туысының үйінде тұрып жатқан адамдарға қатысты емес. «Бір үйге 200 адамнан тіркелген жағдайлар да кездесіп жатады. Жергілікті тұрғындар адамдарды осылай заңдастыруды пайда көзіне айналдырып алған, ал бұдан шаһардың экономикасы зардап шегіп отыр», - дейді Алматы қаласы әділет департаментінің бастығы Бағбан Тайымбетов.

Әкімшілік кодекстің 377 бабына сәйкес, еш жерде тіркелмеген азаматтарға 1 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе ескерту беріледі.