Алматыда екі сағаттың ішінде үш бірдей қоғамдық көлік жүргізушісі мас күйінде ұсталды
АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда таңғы екі сағаттық тексеріс ішінде қоғамдық көліктің үш жүргізушісі мас күйінде ұсталды.
Бұл туралы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Таңғы тексеріс кезінде жол сақшылары Боралдай-Алтын Орда бағытындағы 257-ші автобусты тоқтатқан. Тексеріс барысында жүргізушінің арақ ішкені анықталды. Артынша жол полициясының құрығына арақ ішкен 95-ші бағыттағы, ал 106-шы бағыттағы автобустың гашиш тұтынған жүргізушісі ұсталған.
«Жүргізушілердің үшеуі де сот арқылы көлік жүргізу құқығынан айырылатын болады. Өкінішке орай қоғамдық көлік жүргізушілері қатаң шараларға қарамастан жолаушылардың өмірімен «ойнағанды» азайтар емес», - дейді Алматы қалалық ІІД-нің Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов.