Алматыда екінші рет трамвай апатқа ұшырады, арнайы комиссия себебін анықтаумен шұғылданып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда осымен екінші рет трамвайдың қатысуымен болған ірі жол-көлік апатының себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
None
None

Бұл туралы бүгін «Алматыэлектротранс» ЖШС баспасөз қызметінен хабарлады.

«2017 жылы 13 қазанда Алматыда №6-шы бағытта жүретін трамвайдың қатысуымен Мақатаев көшесі бойында ірі жол-көлік апаты орын алды. Қазір осы жол апатының себебін анықтаумен «Алматыэлектротранс» ЖШС-ің арнайы комиссиясы мен Алматы қ. ІІД Жол полициясы басқармасының қызметкерлері айналысуда», - делінген хабарламада.

Айта кетелік, трамвай Мақатаев көшесі бойымен батыс бағытта келе жатып, Сейфуллин даңғылының қиылысында 11 жеңіл автокөлікпен соқтығысады, сөйтіп одан әрі батыс бағытта жылжи отырып, Байтұрсынов көшесінің қиылысында тағы үш автокөлікпен соқтығысады. Куәгерлердің айтуынша, бір әйел жарақат алған.

Қазір осы оқиға бойынша Алматы қ. ІІД сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Трамвай «Алматыэлектротранс» ЖШС Трамвай депосына тиесілі.

Естеріңізге сала кетелік, бірінші рет үстіміздегі жылы 21-ші қыркүйекте болған жол апатында трамвай 14 жеңіл автокөлікке зақым келтірген болатын. Сонда жол апаты салдарынан бес адам зардап шекті. Бір әйел әлі күнге дейін ауруханада жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.

Соңғы жаңалықтар