Алматыда экологиялық білім әлеуетін арттыруға арналған тренинг болып өтті

АЛМАТЫ. 24 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Орталық Азия елдеріне арналған «Жасыл пакет» жобасы аясында экологиялық білім алу бойынша оқытушыларға арналған алғашқы тренинг аяқталды.

Алматыда экологиялық білім  әлеуетін арттыруға арналған тренинг болып өтті

Үш күн болып өткен тренингке Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және өз еліміздің экологиялық білім беру қоғамдық ұйымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және ҰЕҰ өкілдері қатысты. Қатысушылар «Мектептегі «Green Pack-Орталық Азия» атты CD-таспа нұсқасындағы заманауи мультимедиалық білім бағдарламасы бойынша дәріс алды. Қоршаған орта жайында білім алуға арналған мультимедиалық материалдар жинағында қоршаған орта және оның тұрақты дамуы саласына арналған 25 тақырыптық ақпараттар енгізілген. Бұл нұсқа Орталық Азия аумағындағы қоршаған орта мәселелеріне арналған.

Жаттықтырушылар, мұғалімдер «Табиғи орта», «Жағымсыз әсерлер», «Экономика және қоршаған орта», «Жаһандық мәселелер», «Құндылықтар» атты бес бөлімге бөлінген бағдарламамен танысты. Әр елден келген қатысушылар енді өз елдерінде мектептерге, ҮЕҰ-ға осы мультимедиалық білім бағдарламасы бойынша дәріс оқитын болады. Әр оқытушыға бір таспадан беріліп, арнайы сертификат табысталды.

«Тренингтің мақсаты - ҰЕҰ-дың, Орта Азиядағы бес ел мемлекеттік қызметкерлерінің, сонымен қатар, орта білім мектеп оқытушыларының қоршаған орта мәселелері бойынша әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл жоба Орталық және Шығыс Еуропаның 16 елінде, Ресейде, Әзірбайжанда, Түрік елінде іске асуда. Өткен жылы бұл жоба Орталық Азия елдеріне келді. Оны біздің орталық іске асыруда», - деді Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығының жоба координаторы, бағдарламаның менеджері Татьяна Шакирова.

Оның айтуынша, 20-25 желтоқсан күндері қазақ мектептерінің оқытушыларына арналған тренинг өткізілмек. Онда елімізде өзекті болып табылатын радиациялық белсенділік, таулар мен мұздықтар, шөлейттену мәселелері бойынша дәрістер оқылатын болады.