Алматыда экологиялық нормаларға сәйкес келетін жүк көліктері ғана жүретін болады
Қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинскаяның айтуынша, Алматыда 2020 жылы тәулігіне 34 мың ауыр жүк көлігі тіркелген. Былтыр пандемия кезінде ауыр жүк көлігінің жүргізушілеріне қаланың жоғарғы бөлігінде, Райымбек батыр даңғылынан жоғары жүруіне мүмкіндік беретін рұқсат қағаздар берілді. 2020 жылы барлығы 1620 пропуск-рұқсат қағазы берілген.
«Біздің бақылауымыз бойынша, 2021 жылдың ішінде ластану динамикасының төмендегенін байқамадық.Осыған байланысты біз техникалық жабдықталуы экологиялық нормаларға сәйкес келмейтін, ауыр жүк көліктерінің санын қысқарту туралы шешім қабылдадық. Біз шығарындыларындағы улылық нормасын өлшейтін жылжымалы экологиялық патрульді іске қостық. Әр жүк көлігі міндетті түрде экологиялық пост арқылы аттестаттаудан өтуі керек. Улылық нормасы артқан жағдайда айыппұл салынып, рұқсат қағазы қайтарып алынады. Содан кейін көлік жабдығын ауыстыру үшін өндірістік базаға жіберілетін болады», - деп атап өтті Н.Ливинская.
Бірінші кезекте, ауыр жүк көліктері жаңартылатын болады. Тек содан кейін ғана рұқсат қағаздары беріледі.
Транзит жүк көліктеріне қатысты Алматының Полиция департаменті және жасыл экономика басқармасы бірлесіп арнайы қозғалыс бағытын әзірлейді.
Осылайша, қалада экологиялық нормаларға сәйкес келетін жүк көліктері ғана жүретін болады. Қаланың жоғарғы бөлігінде тәулігіне шамамен 500 - 600 жүк көліктері жүреді деп жоспарлануда.