Алматыда экономика пәндері бойынша оқушылар арасында VI республикалық турнир өтуде

АЛМАТЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда экономика пәндері бойынша оқушылар арасында республикалық VI турнир басталды.

Алматыда экономика пәндері бойынша оқушылар арасында VI республикалық турнир өтуде

"Турнирдің негізгі мақсаты - дарынды балаларды анықтап, экономикаға қызығушылық білдірген балалардың білімдерін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік туғызып, ғылыми-зерттеу істерімен айналысуға бағыт беру",-дейді "Дарын" ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ділдәш Бейтуова.

30 наурызға дейін жалғасатын шараға еліміздің әр түкпірінен 100-ге тарта 10-11-сынып оқушылары қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир үш кезең бойынша жүргізілген, яғни алдымен мектеп ішінде, одан кейін аудан және облыс аралық іріктеуден өткендер бүгін Алматыда бас қосуда.

"Биылғы турнирге Қазақ-Британ техникалық университеті, Халықаралық бизнес академиясы, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, Қарағанды экономикалық университеттері қолдау көрсетіп отыр. Турнирдің жеңімпаздарын осы аталған оқу орындары өздеріне оқуға жолдама бермек", -дейді "Джуниор Эчивлент Қазақстан" қоғамдық қорының директоры Ирина Энтино.

Турнир барысында оқушылар экономика саласына байланысты эссе жазып, макро және микро экономика бойынша тест тапсырып, берілген тапсырмалармен топтасып жұмыс істейтін болады. "Эссе оқушылардың логикалық ойлануына және берілген тапсырманы дұрыс қорытып, ойын толықтай жеткізуіне көмектеседі. Сондай-ақ берілген тапсырмалардың бәрі экономика саласында өзіндік ойлануына, сауатты қаржыгер болуға ыңғайластырылған", -дейді И.Энтино.

Аталған шара ҚР Білім және ғылым министрлігі, "Нұр Отан" ХДП-ның қолдауымен "Дарын" ғылыми-тәжірибелік орталығы және "Джуниор Эчивлент Қазақстан" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтіп отыр.