Алматыда экономикалық контрабандамен айналысқан Түркия азаматы сотталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда экономикалық контрабандамен айналысқан Түркия азаматы сотталды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда экономикалық контрабандамен айналысқан Түркия азаматы сотталды

Іс материалдарына сәйкес, Түркия азаматы Байрам Неби 2012 жылдың күзінен ағайынды Рыспаевтармен біріге отырып, Түркиядан тауар тасумен айналысқан. Олар тауарларды кедендік декларациядан тыс құжатсыз алып өтуге тырысқан.

Өз кезегінде ағайынды Рыспаевтар Пәкістаннан, БАЭ, Үндістан, Түркиядан заңсыз тауар тасумен айналысып келгендігі анықталды. Олар 2015 жылдың сәуірінде Медеу аудандық сотымен сотталды.

Қылмыстық топ контрабандалық жүктердің кеденнен кедергісіз өтіп, тұтынушыға жетуін қамтамасыз етіп отырған. Сондай-ақ, Рыспаевтар қылмыстық әрекеттен түскен қаржыны топ арасындағыларға бөліп беріп отырған.

Байрам Неби болса «Сакура Компани» ЖШСіне клиент тауып беріп, құжат рәсімдеумен айналысқаны анықталды.

Сот шешімімен ол ҚР ҚК 209-бабының 3-бөлімімен айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айрылды.