Алматыда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитіне арналған концерт өтеді
АЛМАТЫ. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қазанның 19-ы күні Астанада өтетін ЕҚЫҰ мемлекет мен үкімет басшыларының саммитіне арналған симфониялық музыка концерті өтеді.
Концертке ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүймелдеуімен ҚР-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Айман Мұсақожаева қатысады. Сонымен бірге, әлемге танымал музыканттар израильдік виолончелист Миша Майский мен дирижер словак Леош Сваровский де болады.
Концерт бағдарламасында Е. Рахмадиевтің «Дайрабай» симфониялық күйі мен П. И. Чайковскийдің бес пьесасы, («Размышление, «Меланхолическая серенада», «Вальс-скерцо», «Скерцо», «Мелодия») және Э. Шоссонның «Поэмасы», К. Сен-Санстың «Рондо-каприччиозосы», А. Серкебаевтың «Шалқыма» оркестрлік күйі бар. Сонымен қатар, Й. Брамстың оркестрімен скрипка және виолончелиге арналған концерті жоспарланған.
Концерттің бас демеушілері - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, Алматы қаласы әкімдігі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы және басқалар.