Алматыда «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламенттік форумы өтіп жатыр
СТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Алматыда «Интерконтиненталь» қонақүйінде «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламенттік форумы ашылды.
Форумға ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер Парламенттерінен, Жерорта теңізі және Азиялық әріптестер Ұйымдарынан делегаттар, сондай-ақ Ауғанстан, Пәкістан және Йордания парламентшілері, халықаралық ұйымдар, ғылыми-зерттеу институттары, дипломатиялық корпустардың өкілдері (250-ден астам) келді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арнаған үндеуін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы- Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев оқыды.
Парламент Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қ.Тоқаев форумға қатысушыларға арнаған сөзінде ЕҚЫҰ-ның трансаймақтық ынтымақтастықтағы және қазіргі әлемдегі қатерлерге қарсы іс-қимылдағы ЕҚЫҰ-ның ерекше ролін атап өтті.
«Қазақстан, оның реформаларды табысты жүзеге асырудағы және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тәжірибесімен бұл үдерісті жүргізуге және ЕҚЫҰ-дағы жалғасып келе жатқан оң өзгерістерге өз үлесін қосуға әзір»,-деді төраға.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің арнаулы сессиясы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен қазақстандық басымдықтарды жүзеге асыруда Қазақстан Ассамблеяның қолдауына сүйенеді.
«Қазіргі кезеңде Төрағалықтың маңызды басымдығы биылғы жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу болып табылады. Саммит ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылығына жаңа тарихи жағдайларда Хельсинки бастамаларының дамуын қамтамасыз етудің және Ұйым басымдықтарын жылдар бойы алдын ала белгілеуге мүмкіндік береді»,-деді Қ.Тоқаев.
Өзара байланысты және өзара қатысты өзекті мәселелерді шешуде қауіпсіздіктің ортақтығы қағидасының маңыздылығын айта келіп, төраға «тез өзгеретін жағдайда және жаһандалған әлемде қауіпсіздік жүйесі таза еуропалық немесе азиялық болып қарастырылуы мүмкін емес. Еуропа мен Азия - ол, шын мәнінде, көптеген тарихи, экономикалық және мәдени байланыстармен өрілген біртұтас географиялық және саяси кеңістік», деп атап өтті.
Төрағаның айтуынша, жалпы қауіптер мен қатерлер үйлесімді жауаптарды талап етеді. Бұл Шығыс пен Батыс арасындағы кең тұрғыдағы өзара іс-қимыл ретіндегі ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемінің маңыздылығын күшейте түседі.
Ауған мәселесін шешу жолдарына қатысты төраға Ауғанстанға оның экономикалық және әлеуметтік қалпына келтіру ісінде халықаралық көмектің маңыздылығын атап өтті.
«Егерде барлық мүдделі мемлекеттер мен ұйымдар өз стратегиясын тығыз үйлестірсе ғана бұл ел тұрақты қоғам құруға нақты мүмкіндік алады. Біз ауған халқына есірткі өндірісі секілді тажалдан азат, өркендеген ел мен бүкіл халқынан қолдау тапқан тиімді үкімет құруға барлық мүмкіндікті беруге тиіспіз»,-деді Қ.Тоқаев.
Форум аясындағы Қырғызстан жөніндегі арнайы сессияға қатысты төрағаның айтуынша, «Қырғызстандағы жағдайды реттеу және азамат соғысының алдын алу үшін ЕҚЫҰ зор үлес қосты. Тиісті мемлекет басшыларының бірлескен күш-жігерімен халықаралық институттардың шиеленісті жоюға бағытталған үйлесімді іс-қимыл тетіктері жасалды».
Сөзінің аяғында төраға «форумның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегіндегі пікірсайыс қауіпсіздік келбетін қалыптастыру жолдарына қатысты жалғасқан үнқатысуға елеулі үлес қосады, ЕҚЫҰ кеңістігі мен Еуразияның басқа аймақтық жүйелерінде саяси прогресс пен экономикалық дамуға жәрдемдеседі», деп сенім білдірді.