Алматыда Елбасы атынан ауызашар берілді

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ауызашар берілді, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметінен.

Алматыда Елбасы атынан ауызашар берілді

Оған шаһар басшысы Ахметжан Есімов, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған діни басқарма қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты,

Ауызашар дастарханының беташарын Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет қасиетті Құран аятымен ашты. Бас мүфти бата жасағаннан кейін құттықтау сөз Ахметжан Смағұлұлына берілді. Қала әкімі жамағатты мүбәрак Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілек-лебізін білдірді. Ислам дінінің асыл құндылықтарын халыққа паш етуде мүфтияттың сүбелі жұмысы туралы пікірлерімен бөлісті. Ол діни басқарманың ізгі іс-шараларға ұдайы көңіл бөліп, өз тарапынан қолдау білдіретінін жеткізді.

Ауызашар дастарханында Ержан қажы Малғажыұлы жиналған жұртқа жүрекжарды тілегін айтып, мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Рамазан айында игі де ізгі, сауапты амалдарды атқарудың маңыздылығына тоқталды. Ел азаматтарын елдік мұрат пен халық игілігі, дәстүрлі дініміздің насихат жұмыстарына бір атаның баласындай қызмет етуге шақырды. Бүгінгідей бейбіт заманның қадірін сезініп, Жаратушыға жақсы істермен жақындауға үндеді.

Наиб мүфти Серікбай қажы Ораз ораза ұстаудың мәні мен маңызы жайлы уағыз айтып, көпшілікке ой тастады.

Мерекелі һәм берекелі дастарханда зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері ізгі ниеттерін білдірсе, әншілер ғибратты ән мен жырдан шашу шашты.