Алматыда «Елбасы Жолдауын қолдаймыз, қуаттаймыз» атты оқырмандар конференциясы өтті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы №4 кітапханада «Елбасы Жолдауын қолдаймыз, қуаттаймыз» атты оқырмандар конференциясы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының биылғы Жолдауы - ел тарихындағы маңызды құжат, елім деген әрбір жүрекке үміт отын құйып, жарқын болашаққа деген сенімді нығайтады. Сондықтан оны зиялы қауымнан бастап, бүгінгі конференцияға жиналып отырған жас оқырманға дейін қолдайды, ондағы міндеттердің жүзеге асуына өзіндік үлесін қосады деп ойлаймын», - дейді «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары Серікқали Хасан. Сондай-ақ бүгінгі басқосуға қатысқан «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының өкілі Гүлмира Сәлімбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының профессоры, саясаттану ғылымының докторы Әлия Балапанова, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Қазақбай Қасымов қатысып, Жолдаудан туындайтын міндеттерді жас оқырмандарға терең түсіндіріп берді. Шара барысында «Қазақстан: Еуропа төріне жұлдызды жол» атты кітап көрмесі де ашылды. Мәслихат соңында «Болашаққа-кемел біліммен» атты үндеу қабылданды.