Алматыда Елбасының тапсырмаларын орындау бойынша кешенді жұмыстар қолға алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласының әкімдігінде қала басшысы Бауыржан Байбектің төрағалығымен ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмаларын орындау бойынша кеңейтілген мәжіліс болып өтті.

Алматыда Елбасының тапсырмаларын орындау бойынша кешенді жұмыстар қолға алынды

Шара барысында Б. Байбек Елбасының бірқатар тапсырмаларын орындау бойынша кешенді жұмыстардың қолға алынғандығын жариялады. Атап өтер болсақ, алдағы уақытта «Шымбұлақ» таушаңғысы шипажайына баратын жол жабылатын болады. Сондай-ақ, қала әкімдігі әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағына үш қабаттан биік ғимарат салмау туралы қаулы қабылдады. Бұл жерде ғимараттың биіктігі 12 метрден, ал ені 15 метрден аспауы тиіс. Бұдан басқа, әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағына салынған заңсыз нысандарды сүріп тастау бойынша да тиісті шара қабылданды.

«Бүгінгі отырыста қаланы көріктендіру, көгалдандыру, халықаралық әуежайды дамыту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды», - деді Б. Байбек.

Айта кетелік, аталған шаралар Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр.

Сондықтан да бүгінгі отырыста Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын талқылау барысында экология мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Басқосуға жергілікті және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары және аудан әкімдері қатысты.