Алматыда «Елдің интеллектуалды капиталы: Тәуелсіз Қазақстанның зоология ғылымы» атты тарихи-құжаттық көрме ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті мұрағатында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 70 жыл толуына орай, «Елдің интеллектуалды капиталы: Тәуелсіз Қазақстанның зоология ғылымы» атты тарихи-құжаттық көрме және осы тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және еліміздің ғылымдағы жетістіктерін насихаттауға арналды.

Алматыда «Елдің интеллектуалды капиталы: Тәуелсіз Қазақстанның зоология ғылымы» атты тарихи-құжаттық көрме ашылды

«Зоология институтының қызметкерлері ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жануарлардың халық шаруашылығындағы рөлін айқындады. Олардың ішіндегі пайдалыларын, зиянкестерін, түрлі ауру таратушыларын белгіледі. Күрделі зерттеулер жүргізіп, көптеген жаңа ғылыми жаңалықтар ашты. Қызыл кітапқа енген жануарларды сақтап қалу үшін қорықтар мен табиғи сабақтар ұйымдастыруға ат салысты», - деді өзінің алғысөзінде ҚР Президенті Мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Б. Жапаров.

Өз кезегінде ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әлихан Мелдебеков Қызыл кітапқа енген жан-жануардың барлығының бірдей азайып, құрып кетпейтіндігін жеткізді.

«Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлардың саны жылдан жылға көбейіп бара жатқандай көрінеді. Яғни, «құрып бара жатыр» деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Айталық, Қазақстанның 1978 жылғы Қызыл кітабына омыртқалы жануарлардың 87 түрі енсе, 2010 жылғы кітапқа енгені - 128 түр, яғни 41 түрге көбейді. Мұны енді 1978 жылға қарағанда мәліметтердің, ғылыми материалдардың көптеп жиналуымен түсіндіруге болады. Дейтұрғанмен, бұрынғы Қызыл кітапқа енген өзен камшаты, қара кірпі, ала жертесер, тұрымтай, аққұйрық қызғыш, әсем шымшық және басқа да бірқатар жануарлар мен жәндіктер, санының көбеюіне байланысты 2010 жылы шыққан Қызыл кітаптан алынып тасталды», - деді Ә. Мелдебеков.

Айта кетелік, Қазақстанның Зоология институты ең алғаш рет КСРО Ғылым Академиясы филиалының құрамында 1932 жылы Зоология секторы ретінде құрылды. Оған дейін Қазақстан аумағында жекелеген зерттеулер жүргізіліп, солардың негізінде географ, саяхаттанушы және басқа да ғалымдардың еңбектері жарық көрді. 1934 жылы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінде зоология кафедрасы ашылды және 1937 жылы Алматы хайуанаттар бағы құрылды. 1943 жылдан бастап, зоология секторы Институт ретінде қайта құрылып, 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының құрамына енді. Институт құрылғалы бері 250-ден астам ғылыми монография, кітаптар, анықтамалар жарық көрген. Институттың 10 қызметкері Қазақстанның Мемлекеттік сыйлғының лауреаттары атанған. Қазіргі таңда Қазақстанда омыртқалы жануарлар мен жәндіктердің 835 түрі, ал омыртқасыздардың 85 түрі тіркелген.

Бүгінгі шараға ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Мұрат Жұрынов, ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының Бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Әлихан Мелдебеков, Ресей Федерациясының мәдениет бойынша Алматы қаласындағы консулы Ирина Переверзева, зоолог және биолог ғалымдар, мемлекеттік мұрағаттардың өкілдері және ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.

Көрме 19 ақпанға дейін жұмыс істейді. Оған Қазақстанның зоология ғылымының тарихын, қалыптасуы және дамуын бейнелейтін 92 мұрағаттық құжаттар мен фотолар қойылған.