Алматыда еліміздің дамуындағы ғылым мен инженерлік білімнің үлесі жайында дөңгелек үстел өтті
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде осы аталмыш университеттің, ҚР Ұлттық инженерлік академияның, ҚР ҰҒА-ның Жер туралы ғылымдар бөлімінің ұйымдастыруымен ?ҚР жаңарту мен дамытуда ғылым мен инженерлік білімнің үлесі? деген тақырыпта дөңгелек үстел жиыны болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырысқа университеттің басшылығы, институт директорлары, оқытушы-профессорлар қауымының өкілдері, түрлі құрылымдардың басшылары қатысты. Н. Назарбаевтың ?Дағдарыстан ? дамуға? атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған бұл басқосуды ұйымдастыруға мұрындық болған экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академияның академигі, ҚР ҰҒА-ның Жер туралы ғылымдар бөлімінің төрағасы, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың ректоры Жексенбек Әділов Президент Жолдауы және оған қатысты туындайтын алда тұрған міндеттерге тоқталды.ҚР ҰҒА-ның президенті, академик М. Жұрынов өз сөзінде қазіргі қиын-қыстау жағдайда Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі, қоғамның біртұтастығы аса қажет екеніндігін баса айтты. Жарыссөзге қатысқан ҚР ҰҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор С. Қожахметов дағдарыс жағдайында тау-кен металлургия саласын дамыту туралы, ҚР ҰҒА-ның академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Д. Кішібеков жаңару мен дамудың негізі ? қазақстандық патриотизмде деген тұжырым жасай отырып, ойларын ортаға салды.Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауы бірауыздан қолдауға ие болды және оны жүзеге асыру міндеттеріне қатысты арнайы Үндеу қабылданды.