Алматыда елу мыңнан астам адам Pfizer екпесін салдырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бір тәулік ішінде 3 200 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Оның ішінде 1-компонентін 1 202 адам, 2-компонетін 1 998 адам салдырды.
Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылдың 1 ақпаны мен биылғы жылдың 16 ақпаны аралығында қалада 1 128 784 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1 081 993 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 124 471 адамның жасы 60-тан асқан»,- делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 50 437 адам салдырды. Оның ішінде 2 712 жүкті әйел, 11 056 бала емізетін ана және 36 669 жасөспірім бар.
217 562 қала тұрғыны ревакцинациядан өтті.
«Бүгінгі таңда қалада медицина меекемелерінде 119 вакцинация пункті жұмыс істейді. 140 вакцинация бригадасында 520 медицина қызметкері жұмылдырылды» - деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінің өкілдері.