Алматыда «Емханаға тіркеліп, мәртебеңді анықта» эстафетасы басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Емханаға тіркеліп, мәртебеңді анықта» эстафетасы басталды.
Белгілі журналистер, блогерлер №17 қалалық емханада өзінің қайда тіркелгенін тексеріп, өз мәртебелерін анықтады.
Сондай-ақ, акция қатысушылары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері бойынша ақпарат алды.
«2018 жылдың қаңтарынан басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайын болу үшін әр азамат өзінің қайда тіркелгенін және өзінің мәртебесін анықтауы керек. Мемлекет көп балалы, зейнеткер тсс 15 санаттағы адамдарға өзі салым салып тұрады. Ал ол санатқа кірмейтін адамдар өздері салым салып тұруы керек. Былтырдан бері түсіндіру жұмыстары жүріп келеді. Басты мақсат - медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру», - деді №17 қалалық емхананың бас дәрігері Айгүл Есентаева.
«Мен үшін өзімнің мәртебемді білгенім өте маңызды. Сондықтан осы эстафетаға қатысып отырмын. Өйткені, отбасымның әлеуметтік кепілдендірілгенін қалаймын»», - деді белгілі тележурналист Жазира Бегалы.
Мамандардың айтуынша, міндеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлемнің озық елдерінде енгізілген.