Алматыда ең ірі KITF туристік көрмесі 10 жылдық мерейтойын атап өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда сәуірдің 21-і мен 23-і аралығында «Атакент» көрме орталығында Қазақстандық халықаралық «Туризм және саяхат - KITF 2010» жәрмеңкесі өтеді. Биыл халықаралық туризм және саяхаттар саласындағы ең ірі туристік көрме 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Туризм және спорт министрлігінің кеңесшісі Евгений Никитинский мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, мерейтойлық көрмеге әлемнің 39 елінен шамамен 500 компания қатысады. «Көптеген халықаралық компаниялар мен ұйымдардың тарапынан қызығушылық білдіріп, ұсыныс беруі Қазақстанның шетелдердегі оң имиджінің нығайғанын және оның дүниежүзілік туристік индустрияға тартылғанын тағы бір қуаттайды», деді туризм және спорт министрлігінің кеңесшісі Евгений Никитинский. Оның айтуынша, ұлттық туристік ұйымдар шараның негізгі күні өз ұлттық стенділерін қояды. «Оған 16 ел қатысады. Оның ішінде Грекия, Қытай, Оңтүстік Африка, Түрік елі, Малайзия, Испания, БАӘ, Үндістан, Тайланд, Чехия, Оңтүстік Корея және тағы да басқа елдер бар», деді ол.
Iteca көрмелер компаниясының атқарушы директоры Юрий Бородихиннің айтуынша, 10 жыл ішінде көрмеге қатысушылардың саны 9 есеге өскен. «Ал, өтетін аумақтың көлемі 300 шаршы метрден 8 000 шаршы метрге дейін ұлғайды. Оның бір павильоны тек ұлттық туристік ұйымдарға арналған. Ол жерде Туризм және спорт министрлігі және аймақтық туризм басқармаларының стенділері орын алатын болады. Ал, көрмеге жалпы саны 300-ден аса стенд қойылады», деді ол.
Аталмыш шараны ұйымдастырушылар - Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімшілігі, отандық Iteca мен британдық ITE көрмелер компаниялары.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында көршілес павильонда екі - «HOREX - барлығы отель тойхана және супермаркеттер үшін» және «CleanExpo Central Asia» көрмелері өтеді деп хабарланды.