Алматыда ең таза аудандар Алатау мен Әуезов - Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы
АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ауаға таралатын зиянды заттар соңғы жылдары жылына 18 пайызға төмендеп келе жатыр. Оны Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Сұлтанбек Мәкежанов бүгін жартыжылдықтың қорытындысына арналған қалалық әкімдіктегі алқалы жиында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Алматының ай сайынғы мониторинг орталығы" МКК деректерінің қарағанда алғашқы жартыжылдықта Алматыда ауаның ластану индексі төмендеп келе жатқаны байқалуда. Ол биыл - 11,8 болса, былтыр - 13,8, ал алдыңғы жылы 13,8-ді құраған болатын. Ауаға таралатын зиянды заттардың көлемі жыл сайын 2600 тоннаға немесе 18 пайызға азайып келе жатыр", дейді С.Мәкежанов. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының айтуынша, Алматыдағы ең таза аудандар Алатау мен Әуезов. Ондағы ауаға таралатын зиянды заттардың көлемі жылына 0,1-0,9 мың тоннаны құрайды. Ал ең көп ластанған аудан - Жетісу. Онда қаладағы барлық зиянды заттардың 55 пайызы жинақталған немесе жылына ауаға 6,5 мың тонна улы заттар таралады.
"Экономикалық қызметте зиянды заттардың 60 пайызы электр энергиясын өндіру саласына тиесілі. Ауаға таралатын улы заттарды азайтуда ең алдымен шаң тұтқыш жабдықтарды орнатудың тиімділігі зор. Ол 99,2 пайызды құрайды. ЖЭО-да ол зиянды заттарды жылына 1500 тоннаға дейін азайтады. Екінші, тұрғын үйлерді газдандыру. Ол ластануды 60 пайызға азайтады. Үшінші, кәсіпорындардың жұмысын жүйелі түрде бақылау. Мәселен алғашқы жарты жылда 66 кәсіпорын тексеріліп, 9,1 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 7,1 миллион теңгенің қосымша міндеттемелері жүктелді", дейді Сұлтанбек Алмасбекұлы.