Алматыда ең үздік кітапхана белгілі болды

      АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Алматы қаласының Алмалы ауданында орналасқан №4-ші кітапхана бөлімшесі «Кітапхана күні» мерекесінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ең үздік кітапхана» байқауының жеңімпазы атанды,

Алматыда ең үздік кітапхана белгілі болды

   деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Кітапхана күнінің 10 жылдығына орай ұйымдастырған байқау   наурыз айының 1-де басталған болатын. Байқаудың мақсаты - кітапханаға оқырмандарды тарту, жастарды оқуға баулу, әдебиеттерді насихаттау, кітапхана қызметінің сапасын жақсарту болып табылады.

         Кітапхана бөлімшелері әдебиеттерді насихаттау жұмыстары, мәдени-іс шара және оның сценарийі, клуб, бірлестік орталықтарының жұмыстары, кітапхананың мекемелермен және БАҚ-пен байланысы, кітапхананың бүгінгі келбеті, үздік айлық жоспар аталымдары бойынша сайысты.

         Байқауға қатысқан қаланың қалған 15 кітапхана-бөлімшелері  әр аталым бойынша барлығы марапатталды.  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дирекциясы байқауға қатысқан барлық кітапханалар мен кітапхана қызметкерлерін Алматы тұрғындарының рухани қажеттерін қанағаттандырып, кітапханалардың рөлін арттырып, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуде жүргізіп жатқан жұмыстарына алғыстарын білдіріп, сый-сыяпаттарын көрсетті.

         Байқау басталғаннан бері №4 кітапхана «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» деген тақырыпта оқырман конференциясын, «Қазақстан Республикасының Конституциясы - демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік кепіл» деп аталатын дөңгелек үстел, «Қазақстан - үш тұғырлы тіл континенті» деген интеллектуалды сайыс, «Әлия - тарихымыз өшпес мәңгі, соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі» деген әдеби театрландырылған кеш, «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа ұран!» атты ерлік эстафетасы, «Алматым жүрегімде...» - ән-жыр кеші және тағы да басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырған.