Алматыда еңбек мигранттарына жұмыс берушілердің жадынамасының таныстырылымы өтті
АЛМАТЫ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Жұмыс берушілер конфедерациясында еңбек мигранттарын жұмысқа тарту кезінде жұмыс берушілердің есте ұстауы қажет жадынаманың таныстырылымы өтті.
Жадынаманы ҚР Жұмыс берушілер конфедерациясы Халықаралық еңбек ұйымының жобасы аясында жасаған.
«Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де нәпақа тауып жүрген еңбек мигранттары бар. Олардың құқығы мен жұмысқа алу жөнінде де арнайы ереже бар, бірақ олар көп жағдайда орындалмай келеді. Біздің Конфедерация осыған байланысты, еске салу мақсатында, халықаралық ұйымдардың ұсынысымен жұмыс берушілерге арналған еңбек мигранттарын тарту кезінде есте ұстау жадынамасын дайындап шығарды. Мұнда жұмыс берушіге арналған 7 талап және мигранттардың құқығын қорғайтын 7 тармақ жазылған. Әр тармақта екі жақтың құқықтары мен жұмысқа алу ережелері айқын көрсетілген. Бұнымен қатар, біздің сайтта жалпы миграция бойынша, жұмыс берушілерге арналған ақпараттық орталық жұмыс істейді. Сайттың адресі www.krrk.kz . Мұнда еңбек мигранттарын қабылдау кезінде жұмыс беруші ескеруі тиіс, қысқа да, нұсқа ережелер берілген. Сондай-ақ, жаңа заңдық жобаны да осы сайттан қарауға болады. Алдағы уақытта, өзгертулерді де беріп отыратын боламыз», деді ҚР Жұмыс берушілер конфедерациясының атқарушы директоры Наджат Қадыров.
ҚР Жұмыс берушілер конфедерациясының Басқарма төрағасы Қадыр Байкеновтың айтуынша, бұл жадынама, әсіресе, жұмыс берушілерге өте қажетті, әрі маңызды. «Бүгінгі таңда елімізде еңбек мигранттары да шет елден келген жұмысшылар да өте көп. Мигранттардың құқықтарының қорғалмауымен қатар, оларды жұмысқа алу мен тарту кезінде көптеген ұйымдар мен компанияларда заң бұзушылықтар анықталуда. Біз сондықтан, өз жұмысымыз аясында жұмыс берушілер өз жұмыстарын заңдылық тұрғыда іске асырып, біздің ақпараттар мен осы жадынамаларға назар аударып қызметтерін жүргізсе дейміз», деді ол.