Алматыда «Еңбек нарығының жаһандану жағдайында медициналық білім беру» деп аталатын халықаралық конгресс өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанның тәжірибелік медицина саласындағы 4 мыңнан астам қызметкері Алматыда 2 күн бойы өз білімін жетілдіреді.
Бұл туралы бүгін «Еңбек нарығының жаһандану жағдайында медициналық білім беру» деп аталатын халықаралық конгресте айтылды.
«Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының 50 жылдығына арналған бұл шара Қр Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Конгрестің мақсаты - ҚР Денсаулық сақтау саласындағы білім мен кәсіби машық мәселесінің өзекті сұрақтарын талқылау. Оның аясында 50 шара өтеді. Атап айтқанда 24 секциялық мәжіліс, 36 семинар-тренингтер және АҚШ, Испания, Израиль, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Дания сияқты 17 елден әйгілі 60 ғалымдардың түрлі мамандықтар бойынша ашық дәрістері мен 12 шеберлік сабақтары жоспарланып отыр», - дейді Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры Ғалымжан Тоғызбаев. Онда кардиология, акушерлік гинекология, педиатрия, травматология, физиатрия, паллиативті көмек, лорпотология сияқты медицина салалары бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен келген 4 мыңнан астам дәрігер өз біліктілігін арттыруға мүмкіндік алмақ.