Алматыда энергия тиімділігі саясатын дамыту тақырыбында халықаралық семинар өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда Энергетиканы реттеу саласындағы аймақтық қауымдастықтың (ЭРСАҚ) ұйымдастыруымен «Энергетика тиімділігі саясатын реттеу салдары» атты халықаралық семинар өтіп жатыр.

Алматыда энергия тиімділігі саясатын дамыту тақырыбында халықаралық семинар өтіп жатыр

Семинарға ЭРСАҚ-қа мүше Литва, Нидерланды, Португалия, Венгрия, АҚШ-тың энергетика саласын реттеуші органдарының, ҮЕҰ-дың өкілдері, сарапшылар қатысуда. «Жиынның басты мақсаты - энерго үнемдеу тақырыбында тәжрибе алмасу, жаңа тәсілдерді айқындау, әкімшілік реттеуге ұсыныстар жасау», -дейді дөңгелек үстел модераторы Валдис Лукошевициус.

Сондай-ақ жиын барысында Еуроодақ елдеріндегі энергия үнемдеу, ауа-райының өзгеруі, осы бағыттағы күрделі проблемалардың алдын-алу саясаты талқылануда. Бұл ретте Қазақстан тарапының да іс-шаралары сөз болды. ҚР Үкіметінің аталған бағыттағы іс-әрекеті туралы жиын қонақтарын ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов таныстырды. Онымен қатар «Самрұқ-Энерго»АҚ-ы, «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ-ы, «Орталық-Азиялық электроэнергиялық корпорация» АҚ-ының өкілдері өз компанияларындағы энергия үнемдеу саясаты туралы сөз алды.

«Қазақстанда энергия үнемдеу бағыты бойынша бірқатар алға ілгерлеушілікке қол жеткізу қажет. Бүгінгі семинар біздің осы бағытта жүзеге асырып жатқан жұмыстарымызға қосымша бағыт-бағдар береді»,- дейді Н.Алдабергенов. Семинар жұмысы қыркүйектің 16-сына дейін жалғасады.

ҚазАқпарат анықтамасы: Энергетиканы реттеу саласындағы аймақтық қауымдастық (ЭРСАҚ) 2000 жылы желтоқсан айында энергетика саласында реттеуші органдар арасында тәжірибе алмасу мақсатында құрылған. Орталық Еуропа мен Азия, Таяу Шығыс, Африка мемлекеттері мен АҚШ-тың 30-ға жуық энергетика саласын реттеуші органдары мүше.