Алматыда ер адам 10 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 41 жастағы Денис Анисимов іздестіріліп жатыр. Ер адам 18 маусым күні түнгі 3-те үйінен шығып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ер адам 10 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр

Аталған ақпаратты отбасының досы Евгения Закожурникова растады.

Оның айтуынша, Денис өзінің жеке көлігімен жолаушы тасымалдаумен айналысқан.

«Түнгі 3 шамасында оған клиенттен тапсырыс түскен. Сол уақытта үйден шығып кетеді. Содан қайтып оралмады. Телефоны 18 күнгі күндізгі 13:00-ге дейін қосулы болған. Одан кейін өшіп қалды», - деді Евгения Закожурникова.

Қазір Денисті іздеуге Жетісу аудандық ІІБ қызметкерлері кірісті.

Соңғы рет оның көлігі көше камераларында Саин мен Райымбек көшелерінің қиылысында тұрғаны анықталды.

 «Денисті үйінде әйелі мен қызы күтіп отыр. Ол ешқандай жаман әдетке әуес емес. Денис - мұсылман, намаз оқиды, ораза ұстайды», - деді Е.Закоружникова.

Ер адам ақ түсті  Land Cruiser 200 көлігімен кеткен. Мемлекеттік нөмірі 334VDA02. Жақындары оны көрген адамдар болса +7700 214 1000 нөміріне хабарласуын сұрайды.
null