Алматыда ер адам 11-қабаттан секірмек болды
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, сағат 17:00 шамасында «102» пультіне тұрғын үйлердің бірінің 11-қабатындағы терезесінде ер адамның отырғаны және өз-өзіне қол жұмсағысы келетіні туралы хабарлама түсті.
Суицид жасамақ болған азаматты Алмалы ауданының учаскелік инспекторлары аман алып қалды.
«Хабарды алғаннан кейін, әріптесім, полиция қызметкері Азамат Дүйсенбек екеуміз аталған үйге жеттік. Осы кезде «Буран-052» патрульдік экипажы да келді. Абырой болғанда, пәтердің есігі іштен құлыпталмаған екен. Терезеде отырған адамды шошытып алмас үшін сыртқы есікті білдірмей аштық. Мен байқатпай кіріп, оны ұстап алып, бөлмеге қарай тарттым. Ол мұндай әрекетке не себепті барғанын түсіндіре алмады. Медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін оқиға орнына дәрігерлер бригадасы шақырылды», – дейді Алмалы аудандық ПБ-ның учаскелік инспекторы Ерасыл Бұхаров.
Полицейдің айтуынша, өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматтың жасы – 37-де.
Қазір бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталады.