Алматыда ер адам «Нұрлы тау» ғимаратының 12-қабатынан секіріп көз жұмды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Нұрлы тау» бизнес орталығы ғимаратынан секіріп кеткен ер адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ер адам «Нұрлы тау» ғимаратының 12-қабатынан секіріп көз жұмды

Қайғылы жағдай болған жерден түсірілген суреттер әлеуметтік желіде жарияланды.

«Биіктен құлап кетті. Оқиға орнында жедел жәрдем, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр», - деді қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ол жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған.

Қалалық полиция департаменті марқұмның кім екенін анықтады. 48 жастағы ер адам 12-қабаттағы терезеден секіріп кеткен.

Оның неге биік ғимараттан секіргені тергеу барысында анықталады.

Оқиға орнында Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.