Алматыда ер адамды қағып өлтірген жүргізушіге сот үкімі шықты

Алматы қалалық сотының үкімімен жүргізуші ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы немесе көлік құралын пайдалану ережесін бұзу) бойынша айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылдың желтоқсан айында Е. Аманжолов жол жүру ережесінің 2.4.2-тармағының талаптарын бұзып, мас күйінде К. есімді жаяу жүргінші қағып кеткен. Ер адам алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды.
«Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сот оны үш жылға бас бостандығынан және төрт жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді»,- деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.