Алматыда ер адамды жақындары 1 айдан бері іздеп таппай жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 50 жастағы ер адамды жақындары 1 айдан бері іздеп таппай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Марат Бурумкулов 14 шілде күні Таулы қырат ауылындағы үйінен шығып кеткен. Үстінде сұр күртеше, қара джинсы болған, аяғында жаздық мокасины болған. Содан бері одан хабар жоқ.
Әпкесі Галина Бурумкулованың айтуынша, ер адам 30 жылдан бері психологиялық диспансерде есепте тұр.
«Әскерде Ставрополь аймағында орыстармен төбелес кезінде басынан қатты соққы алып, содан ақыл-есі кем боп қалды. Міне 30 жыл болды ауырғанына», - деді әпкесі.
Жақындары Маратты біреулер құлдыққа алып кетуі әбден мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Олар Мараттың «Оңай» картасы арқылы қайда барғанын тексеріп көрген.
«Сейфуллин көшесінің бойында ер адамдар қара жұмыс іздеп тұратын жерде болған. Сол жердегі камераларды тексере келе бейнежазбадан оны біреу жетектеп бара жатқаны анық көрінді. Ол кішкене бала сияқты ғой, тұр десең тұрады, отыр десең отырады. Біреу аңқаулығын пайдаланып, құлдыққа алып кетті ме деп қорқамыз. Менің інім өте жас көрінеді. Көрген адам 50 жаста деп ойламайды», - деді Галина Бурумкулова.
Қазір Марат Бурумкуловтың іздеумен Медеу аудандық ІІД айналысып жатыр.