Алматыда «Ер -Төстік» атты бірінші қазақ балалар балетінің премьерасы болды
АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда демалыс күні Александр Селезнов атындағы хореографиялық училище жанындағы «Өрлеу» жас балет әртістерінің театрында,
ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Ер -Төстік» атты бірінші қазақ балалар балетінің премьерасы болып өтті.
Тұңғыш рет балет сахнасының төріне шыққан халық ауыз әдебиетінің көне үлгісін жас хореограф, балетмейстер Гүлнәр Адамова сахналады. Балетке музыканы Дүйсенбек Нақыповтың әдеби либреттосы бойынша еліміздің танымал сазгері Бейбіт Дәлденбай жазған. Халық ертегісі «Ер Төстіктің» оқиғасы желісімен өрілген, төрт бөлімді балет қойылымына 100-ден астам биші қатысты. Бишілердің барлығы аталмыш училище оқушылары. Басты роль - Ер Төстікті аталмыш оқу орнының соңғы курсында оқитын талантты жас Серік Нақысбек сомдады.
Александр Селезнев атындағы хореографиялық училищесінің директоры Қарлығаш Мырзаханованың айтуынша, жас әртістер қойылымды бір айдың ішінде дайындаған. «Бұл - үлкен рекордты көрсеткіш, балалардың ерлігі. Қойылымға қатысқан барлық әртістер біздің оқу орнының ең үздік оқушылары. Тұңғыш рет сахналанып отырған «Ер Төстік» қойылымы - «Өрлеу» жас балет әртістерінің алғашқы туындысы. Тұңғыш туынды ретінде және біздің училище тарихындағы да бүгінгі күн - ең айтулы оқиға болғалы отыр. Бұл бастама еліміздегі балалар балетінің дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл премьера сонымен қатар, есеп беруіміз іспеттес, қорытынды жылдық жұмысымыз. Біз бишілеріміздің қабілетін ұштай отыра, жас өскіндерді халқымыздың рухани құндылықтарымен сусындатып өсіруге өзіндік үлес қосқымыз келеді», деді ол.
Оның айтуынша, қойылымға жаңа музыка жазылып, әртістерге жаңа киімдер тігілген.
Жағымсыз кейіпкерлермен күресіп, зұлымдық атаулыны қайсар қайтпас мінезімен жеңіп, әділдікті орнатқан Ер Төстік батырдың бейнесі құлаққа жағымды әуез бен мың бұралған би арқылы әдемі сомдалды. Қойылымның алғашқы көрермендері қызыққа толы туындыны ықыласпен тамашалады.