Алматыда ересектер арасында темекі шегетіндер саны соңғы 5 жылда 3,3 пайызға азайған

АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Дүниежүзілік темекі тартуға қарсы күрес күніне орай 2 мамырда басталған темекі тартудың алдын алуға арналған айлық шарасы аяқталады.

Алматыда ересектер арасында темекі шегетіндер саны соңғы 5 жылда 3,3 пайызға азайған

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, темекі шегуден туындайтын дерттерден жыл сайын 5 миллион адам, ал әрбір 6 секунд сайын 1 адамнан қайтыс болады. Қазіргі кезде темекіге байланысты  25-тен аса ауру түрлері белгілі болып отыр. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары, қолқа-өкпе және онкологиялық аурулар алдыңғы орында тұр.

Республикадағы темекі бұйымдарын тұтыну статистикасы бұл індеттің барлық белгілерін көрсетіп отыр. IV Ұлттық зерттеудің деректеріне сүйенсек, 12 жастан асқан тұрғындардың 2 пайыздан  астамы немесе 4,2 миллион адам темекі шегеді.  Соңғы 15 жылда темекі бұйымдарын тұтыну жан басына шаққанда 8 есеге өскен. Яғни әрбір темекі шегуші күніне кемінде 9 сигареттен шегеді. Темекі індетінің құрбандары ерлер арасында 30-55 жастағы,  әйелдер арасында 15-49 жастағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар.

Алматы қаласында ересектер арасында темекі тартатындардың үлесі 2008 жылы  39,2-ден 2011 жылы 25,9 пайызға  дейін азайған. Ал 18-24 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер арасында ол 2007 жылғы 25.3-тен  былтыр  18.4 пайызға  кеміген.