Алматыда «Еркін бол!» деп аталатын азаматтық акция өтеді
АЛМАТЫ. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат / Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда тамыздың 23-і күні адам саудасына қоғам назарын аударуды көздейтін «Еркін бол!» деп аталатын азаматтық акция өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық адам саудасы құрбандарын еске алу күні болатын бұл шараны "Бірлік" бастамашылар тобы ұйымдастырып отыр. Адам саудасы жөнінде қоғамдық пікірсайысты құру мақсатында жүзеге асырылып жатқан "Бостандық" жобасының жетекшісі болып табылатын "бірлік" бастамашылар тобы бұған дейін жұртшылық арасында әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын. Астана, Алматы, Өскемен, Талдықорған қалаларында жүргізілген бұл зерттеуге 14-пен 70 жас аралығындағы ел тұрғындары қатысты.
"Онда әйелдерге қарағанда ерлер белсенділік танытты. Онда ерлердің үлесі 66 пайызды құрады. Жалпы бұл зерттеу кезінде сұрау салынған адамдардың 70 пайызы елде құлдық мәселесі бар деп санайды. Оған жұмысыздық, табыстың аздығы, немқұрайлылық және жемқорлық түрткі болып отыр деп санайды. Сондай-ақ жұртшылықтың басым бөлігі қазіргі таңдағы құлдық түсінігінің астарында еңбектік және жыныстық тұрғыдағы қанау жатыр деп ойлайды. Ал оның өзге қырлары қоғам назарынан тыс қалып отыр. Сондықтан қоғамдық қатынастарға ықпалдастық жасау мақсатында осы акцияны ұйымдастырып отырмыз", дейді "Бірлік" бастамашылар тобының белсендісі Абзал Білісбеков.