Алматыда еркін және бағдарламамен қамтамасыз етуден чемпионат өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде студенттер арасында еркін және ашық бағдарламалық қамтамасыз етуден чемпионат басталды.
Онда 3 күн бойы қатысушылар ашық кодпен еркін «қозғалтқыштарда» әлеуметтік желілерді құру тапсырмасын орындау бойынша сайысқа түседі. Университет ректоры Дамир Шыныбековтың айтуынша, чемпионат ең алдымен, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу бойынша дарынды жастарды анықтауға мүмкіндік береді. Аталмыш жастар қазақстандық бағдарламаларды әзірлеу арқылы еліміздің ақпараттық дербестігінің негізін қалаушылар болуы мүмкін.
Жалпы Еркін бағдарламалық қамтамасыз ету (ЕБҚ) бағдарлама кодын шектеусіз орнатуға және іске қосуға, еркін түрде пайдалануға және зерттеуге, таратуға және өзгертуге мүмкіндік береді. ЕҚБ ең көп тараған Apache веб-сервері мен әйгілі Википедияның негізін қалған. Еуропадағы көптеген мемлекеттік мекемелер бүгінгі таңда ЕБҚ-ға көшкен, өзгелерінің де көшу ниеті бар. Қытай, Үндістан сияқты мемлекеттер де ЕБҚ-ға көшуде. Еркін бағдарламалық қамтамасыз етуді кез-келген компьютерге еркін түрде орнатуға және пайдалануға болады. Мұндай БҚ барлық жерлерде: мектептер, кеңселер, ЖОО, дербес компьютерлер және барлық коммерциялық емес және мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде еркін қолданысқа ие.
«Елімізде ЕБҚ пайдалану тәжірибесін енгізу отандық ІТ-саласын бәсекеге қабілетті етеді. Сондай-ақ, бюджеттік қаражатты үнемдеуге оң ықпалын тигізеді. Кодтардың әзірлеушілер үшін ашық және қолжетімді болуы ақпараттық қауіпсіздікті, ақпараттық өнімдердің сапасын арттыруға, инновацияларды дамытуға және елімізде меншікті БҚ пайда болуын қамтамасыз етеді», - дейді «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бикеш Құрманғалиева.