17:50, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда ерлі-зайыпты суретшілердің көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Суретшілер одағының ғимаратында ерлі-зайыпты С. Тайнов пен Г. Сүйінбаеваның көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Көрмеге екі суретшінің 40-қа жуық туындысы қойылған. С. Тайнов картиналарында ауыл өмірі, ондағы адамдардың қазіргі тұрмыс-тіршіліктері бейнеленеді. Ал Г. Сүйінбаеваның суреттерінде қою түстер мен мозаикалық формалар басым. С. Тайновтың айтуынша, бұл көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат ? халықаралық деңгейде танылып жүрген жұмыстарын халыққа кеңірек таныстыру.«Осы жолы біз бір-біріне ұқсамайтын екі бағыттағы картиналарымызды ұсынып отырмыз. Менің суреттерім көбінесе ауыл тақырыптарына арналады. Өзім ауылда туып-өскендіктен бұл мен үшін ең жақын бағыт болып табылады. Ал әріптесім Сүйінбаеваның салған картиналары мүлдем өзгеше. Ол декоративті-символикалық бағытта еңбек етіп жүр. Оның жұмыстарынан қазақ халқының салт-дәстүріне тән бояуларды көресіз. Құрақ көрпенің, текеметтің, сырмақтың тоқылу әдістерін қолдана отырып, басқа бір кескінді бейнелейді. Сондай-ақ ол бейнелеген картиналарда нақты мазмұн, сюжет болмайды. Десек те бұл дүниелердің өзіндік философиясы, эстетикасы бар», дейді С. Тайнов.