Алматыда Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» атты кітабы жарық көрді

АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» атты кітабы жарық көрді.

Алматыда  Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» атты кітабы жарық көрді

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай «Атамұра» баспасынан шыққан жинаққа қаламгердің 2004-2011 жылдар аралығында «Айқын» газетінде «Аққудың сыңары», «Жақсының көзі» айдарлары бойынша жарық көрген сыр-сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған.

Алғашқы бөлімде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары мен әнші-сазгерлерінің, сондай-ақ өнер қайраткерлерінің артында қалған аяулы жарлары өздерінің өмірлік серігі болған жұбайлары туралы сыр шертсе, екінші бөлімде ұл-қыздары асқар таудай әкелері жайлы сағыныштарын жеткізген.

Аталмыш кітаптың тұсаукесері желтоқсанның 23-і күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Т.Қожекеев атындағы мәжіліс залында өтетін болады.