Алматыда Есентай өзенінің арналары бекітіліп жатыр
Өйткені, жазда өзен жағалауындағы тротуарларды, спорт алаңдарын абаттандыру және жарық желілерін жүргізу басталады. 4000 ағаш отырғызу жоспарланған.
Қазіргі кезде 1,8 шақырымға созылған аумаққа тірек қабырғаларын орнату, өзен түбіне темірбетон төсеу және техникалық жолдарды абаттандыру жұмыстарының 65 пайызы орындалды. Атқарылған шаралар учаскеде су ауқымын күнделікті өткізу қуатын 10 есе арттырады.
Жобаны іске асыру барысында «Tokyo Rope Almaty» зауытында шығарылатын отандық өнімдер қолданылып жатыр. Өндіруші әлемдік жоғары сапалы стандартқа сай ауыр габиондарға 50 жылдан астам кепілдік беріп отыр.
Мегаполис басшысы селдің алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылатынын атап өтті. Соңғы үш жыл ішінде сел қаупі бар учаскелер 67-ден 12-ге қысқарды, тоғыз өзеннің арналары реконструкцияланды және 300 шақырым арық желісі қайта жасалды.
Бұдан өзге, Алматыда «Ақсай» және «Аюсай» жаңа су бөгеттерін салу жоспарланған. «Мыңжылқы» су бөгетін реконструкциялау аяқталып қалды. Ерменсай, Кереңқұлақ, Үлкен және Кіші Қарасу сияқты төрт өзеннің арналары бекітіліп, абаттандырылып жатыр.
Қарғалы өзенінің бойындағы ұзындығы 7,7 шақырым болатын аумақ бекітіліп, абаттандырылуда. ГЭС 1 - ҮАК мен Медеу-Шымбұлақ беткейлеріндегі қауіпті учаскелерге қорғаныс қондырғылары орнатылып, бекітілген.